Жаңалықтар
2016 | 2015 | 2014 | 2013 | 2012 | 2011 | 2010 | 2009 | 2008 | 2007 | 2006 | 2005 |
қаңтар | ақпан | наурыз | сәуір | мамыр | маусым | шілде | тамыз | қыркүек | қазан | қараша | желтоқсан |
ТұранӘлем Банкі» АҚ ұйымдастырған тұңғыш республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды
19.10.2007 / Баспасөз орталығыБүгін Алматыдағы Ғалымдар үйінде «ТұранӘлем Банкі» АҚ жариялаған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті.
Мүшәйраның мақсаты: халқымыздың ақындық өнерін дамыту, жас дарындардың есімдерін анықтау, қазақ әдебиетін насихаттау және ұлттық мәдениетімізге қолдау көрсету.
Мүшәйраның тәртібі : Байқауға бұрын еш жерде жарық көрмеген, көпшілік қауымға таныс емес поэзиялық туындылар қабылданады. Шығарманы іріктеу кезінде тақырыптың ашылуы, тілдік қоры, көркемділігі, нақтылығы және ең бастысы ақындық шеберлігі ескеріледі. Байқау көпшілік арасында зор қызығушылық туғызды. Байқау басталғалы бері 8 ай уақыт ішінде 300-ден астам қолжазбалар іріктеуден өтті. Оған қатысушылар арасында еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелде тұратын мектеп оқушысынан бастап қадірлі ақсақалдарымыз да бар.
«Бүгінгі мүшәйраның жөні бөлек. Өйткені ол жаңа есімдерді анықтап, белгілі ақындарымызға шабыт берген сияқты. Егер біз бүгін қазақ поэзиясының дамуына сәл де болса өз үлесімізді қосқан болсақ, бұл біздің басты мақсатымыздың орындалғаны. Біз бүгінгі жеңімпаздарымызға шалқар шабыт, еңбектеріне жеміс тілейміз», - деп атап өтті марапаттау салтанатын ашқан «ТұранӘлем Банкі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жақсылық Дайрабайұлы Жарымбетов.
Жеңімпаздарды Қадыр Мырза Әли, Мереке Құлкенов, Ардақ Еженова,Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай, Қасымхан Бегманов, Ғалым Жайлыбай сынды елімізге белгілі тұлғалар мен Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Әлібек Шегебай сияқты жас қаламгерлерден құралған қазылар алқасы іріктеп, әділ бағаларын берді.
Мүшәйра қорытындысы :
Бас жүлде:
Серік Ақсұңқарұлы (Қарағанды)
Жанарбек Әшімжан (Алматы)
1 орын:
Бақытжан Алдияр ( Оңтүстік Қазақстанобл.)
2 орын:
Мұратбек Оспанов (Шығыс Қазақстан обл.)
Сәулеш Шәтенова (Атырау)
3 орын:
Әділғазы Қайырбеков (Алматы)
Қазыбек Иса (Алматы)
Тұрмағанбет Кенжебаев (Алматы)
Есей Жеңісұлы (Алматы)
«Жаңа есім» номинациясына – жас ақын Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының студенті Ұларбек Нұрғалым, «Ең жас ақын» номинациясына – Алматыдағы №36 гимназияның 9-сынып оқушысы Назым Сейдахметова, «Үкілі үміт» номинациясына әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің студенті Ерғали Бақаш ие болды. Сондай-ақ қазақ поэзиясына сіңірген еңбегі үшін арнаулы сыйлықпен белгілі ақындар: Рафаэль Ниязбек, Оразақын Асқар, Заида Елғондиновалар, ал қазақ поэзиясына сіңірген еңбегі үшін ынталандыру сыйлықтарымен ақындар: Алмат Исәділ, Үміт Битенова, Әнуарбек Әуелбек, Досбол Ислам және ынталандыру сыйлықтарымен Айнұр Шамшейітова, Анатолий Орехов, Любовь Феофанова, Иван Кайнюков марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сыйлық қорының жалпы қоры 1 миллион 800 мың теңгеден асады. Марапаттау салтанатында қазылар алқасының төрағасы, ҚР Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әли: «Жуырда ғана ТұранӘлем банктің демеушілігімен Баянауылда 100-ге жуық жас қаламгерлер бас қосып, үлкен жиын болып өткен еді . Бүгінгі мүшәйра сол жиынның тамаша жалғасы іспетті. Ақын-жазушылар зор құрметке бөленді . Осындай игі шараны қолға алған ТұранӘлем банкінің басшылығына олардың айтар алғысында шек жоқ», - деді.
Салтанатты шараны әділқазылар алқасының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «ТұранӘлемБанкi» АҚ бөлім бастығының орынбасары, белгiлi ақын Қасымхан Бегманов қорытындылады. Жеңімпаздардың жырлары жинақ болып шығады және республикалық әдеби газеттерде жарық көретін болады.
Мүшәйраға қатысқан белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Президенті аппаратының саяси-әлеуметтік бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров: «ТұранӘлем банкі өзінің қаржы көрсеткішін арттырып қана қоймай, отандық мәдениетімізге, әдебиетімізге, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізге немқұрайды қарамайтынын көрсетіп келеді. Республикалық деңгейде өткен «ӘлемАРТ» дәстүрлі әндер байқауының, «Ана тілі» аруы» байқауының, сондай-ақ өзім қатысқан жас қаламгерлердің тұңғыш форумы сияқты ауқымды шараларға бас демеуші болуы осының дәлелелі. Ал бүгін банк ақындарымыздың мәртебесін көтеріп, отандық әдебиетімізді қолдайтынын тағы да дәлелдеп отыр»,- деп атап өтті.
ТұранӘлем банкі еліміздің мәдени және рухани мұрасын қайта жаңғыртуда үлкен жұмыстар атқарып жатқан жобаларға қолдау көрсетуді өз міндеттерінің бірі деп санайды.Сондықтан да мәдени жобалардың жүзеге асуына жан-жақты демеушілік жасап келеді. Атап айтар болсақ, қазақ киносының алтын қорын Мәскеуден қомақты қаржы бөлiп сатып алып, заман ағымына қарай қайта өңдеуден өткiзiп алтын диск ретiнде қазақ халқына қайта ұсынды. Қазақтың халық әндерін орындайтын және ұлттық аспаптарда ойнайтын жас таланттарды іздейтін «Әлем АРТ» дәстүрлі әндер байқауына, сол секілді салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына орасан зор септігін тигізетін «Ана тілі-Аруы» байқауына, сондай-ақ жуырда ғана Баянауылда өткен жас қаламгерлердiң тұңғыш форумы сияқты үлкен шараларға бас демеушi болды.