Главная

Жаңалықтар

2023 2022 2020 2019 2018 2017 2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
мамыр шілде тамыз 

АМЕРИКА СОТЫ МҰХТАР ӘБЛИЯЗОВҚА БТА БАНКІНЕН АҚША ҰРЛАП, ОНЫ АҚШ-ТА ЖЫЛЫСТАТТЫ ДЕГЕН АЙЫП ТАҚТЫ

03.08.2023 13:41:39

2023 жылдың 31 шілдесінде Нью-Йорктің Оңтүстік аймағы бойынша АҚШ-тың аймақтық сотының судьясы Джон Г. Кёльтл  Triadou SPV SA-ға қарсы 193 миллион доллардан астам сомаға «БТА Банкі» АҚ пайдасына шешім шығарды. Сот шешімі алқабилердің 2022 жылғы желтоқсандағы үкімінен кейін шықты, оған сәйкес Triadou бөтеннің мүлкін заңсыз иемденгені және заңсыз байығаны үшін жауапқа тартылды. Алқабилердің үкімінен бөлек, судья іс материалдарымен танысып, өз шешімінің негіздемесін 66 бетте егжей-тегжейлі баяндап берді. Нәтижесінде сот БТА-ның Triadou-ға сенімгерлік меншікке және БТА қаражатын пайдалану нәтижесінде алынуы мүмкін кез келген қаражатқа қатысты талап арызын мойындады, сондай-ақ Triadou-ның бірқатар активтеріне қатысты БТА-ның талаптарын қанағаттандырды.

Сот жауапкер Triadou SPV-дың Мұхтар Әбілязовтың күйеу баласы Ілияс Храпунов құрған және бақылайтын жасанды компаниясы екенін, ол компанияның БТА-дан ұрланған 70 миллион доллардан астам ақшаны Нью-Йоркте және АҚШ-тың басқа жерлерінде жылжымайтын мүлікке инвестициялағанын растады. Сот қорытындыларында егжей-тегжейлі айтылғандай: «Сотта ұсынылған дәлелдер АҚШ-тағы Triadou атынан салынған қаражаттың Әбілязовтың басқа жасанды компания арқылы БТА-дан ұрлаған 115,3 миллион долларымен тікелей байланысты екенін көрсетеді».

Ілияс Храпуновтың Triadou SPV-дың бас компаниясын үшінші тұлға Филипп Глатцқа сатқандығы туралы мәлімдемесіне қарамастан, сот: «Глатцтың Triadou SPV-ді сатып алғаны жалған, фиктивті, оны Ілиястың өзі төлеген және Ілияс Храпунов сот ісі басталғаннан кейін де Triadou SPV-ді бақылауын жалғастырды» деген қорытындыға келді.

Сот пен алқабилер куәгерлерді, соның ішінде Әблязов пен оның сыбайластарын, сондай-ақ БТА-ға қарсы жасалған ірі алаяқтықтың құрылымын түсіндірген сарапшы-куәгерлерді тыңдады. Сот Әбілязовтың «оффшорлық компанияларға жалған несие беру» арқылы миллиардтаған долларды ұрлау үшін БТА-ның корпоративтік бизнес басқармасын (КББ-6) пайдаланғаны туралы БТА ұсынған дәлелдемелерді сенімді және толық деп тапты.

Сот «Банктің клиенттері» [КББ-6] болып табылатын оффшорлық компаниялар Әбілязовтың иелігінде немесе бақылауында болды, ал ол берген «несиелерде» ешқандай экономикалық мазмұн жоқ. Тәуелсіз тараптар арасындағы мәмілелер болудың орнына ККБ-6-ның көмегімен берілген несиелер Әбілязовтың БТА Банкінің қаражатын заңсыз иемденуін жасыруға арналды» деген қорытындыға келді.

Сот Әбілязовтың сыбайластарының айғақтары мен олардың қаражат көзі туралы балама түсіндірмесін «сенуге тұрмайтын» деп қабылдамай тастады.

Мэтью Л. Шварц, Boies Schiller Flexner LLP басқарушы серіктесі және БТА-ның өкілі: «Біз Нью-Йорктың судьясы мен алқабилерге Мұхтар Әбілязовтың БТА Банкін миллиардтаған долларға алдап, ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатқанын дәлелдей алдық. Бұл іс БТА Банкінің әділеттілік орнатудағы маңызды қадамы болды және Әблязов пен оның сыбайластарын жауапқа тартуда шешуші рөл атқарды. Біз алқабилер мен Құрама Штаттардың Аймақтық сотының дәлелдемелерді мұқият қарағаны үшін алғыс айтамыз».